Ағымдағы жылдың 2 сәуірінде Алматыда Қазақстан гольф федерациясы Иманғали Тасмағамбетовтің орнын басқан Берік Қаниевті федерация президенті етіп сайлады. Берік Қаниев — ел мен оның азаматтарына пайдасы тиетін көптеген қоғамдық жобаларға өз уақыты мен күш-жігерін белсенді жұмсап жүрген қазақстандық кәсіпкер әрі қоғам қайраткері. Ол Lancaster Group Kazakhstan директорлар кеңесінің төрағасы, сондай-ақ білім беру, спорт және экология салаларындағы бірқатар әлеуметтік жобалардың негізін қалаушы. Олардың қатарында “Jas Qyran” балалар мен жасөспірімдерге арналған футбол орталығы, Республикалық физика-математика мектебі (РФМС), Физика-математика эндаумент қоры және Air Vision эко-қоры бар. Сондай-ақ, ол меценат ретінде “IQanat” және “Анамның үйі” жобаларын қолдайды.

Федерация президенті ретінде Берік Қаниев Қазақстанда гольфты дамытып, насихаттауды көздеп отыр. Сонымен қатар, ол осы олимпиадалық спорт түріне жастарды көбірек тарту мақсатында балалар мен жастарға арналған гольфты дамытуды жоспарлап отыр.