4 маусым күні Ақтөбе қаласында Тұңғыш Президент саябағы аумағында қала тұрғындары мен қонақтарына спортпен айналысуға және демалу үшін қолайлы жағдай жасалған триатлон паркі ашылды.
Нысан бизнесмен әрі меценат Берік Қаниевтің, оның достары мен серіктестерінің бастамасымен әлеуметтік жауапкершілік аясында жүзеге асырылған. Триатлон паркінде ұзындығы 2,4 шақырым болатын велосипедпен жүретін және жүгіретін жол мен спорт ғимараты бар, онда триатлон, велосипед спорты мен жеңіл атлетика секциялары негізделетін үш зал орналасқан. Сонымен қатар, ғимаратта спорт бары болады, велосипед жөндейтін сервис орналасады, сонымен қатар, велосипед, шаңғы, конькиді жалға алуға болады.
Парктің ашылуы аясында «Экиден» жеңіл атлетика жарысы өтіп, оған Орал, Атырау, Нұр-Сұлтан және Ақтөбе қаласынан келген отыз команда ат салысты. Парктің ашылуына облыс әкімі Оңдасын Оразалин, меценат әрі «Lancaster Group» компаниясының төрағасы Берік Қаниев және ҚР Триатлон федерациясының президенті Алдияр Қазтаев қатысты.
Оңдасын Оразалин құттықтау сөзінде: «Бүгін біздің ел Мемлекеттік рәміздер күнін атап өтуде. Осындай мәртебелі мереке күні Ақтөбе жерінде өткізіліп жатқан ерекше шараның бірі Ақтөбе қаласындағы триатлон паркінің ашылу салтанаты. Осы тектес триатлон паркі елімізде санаулы ғана ірі қалаларда қолданыста. Мұндай демалыс орнын бізге сыйға тарқан Lankaster Group Kazakhstan компаниясына және оның атқарушы директоры Қаниев Берік Сералыұлына ақтөбеліктер атынан зор ризашылымызды білдіреміз. Жалпы облыс көлеміндегі барлық аймақтарда бірқатар спорттық кешендер бой көтерді. Шалғай ауылдарда да қазіргі уақытта спорттың кез келген түрімен айналысуға толықтай мүмкіндік бар. Егер өткен жылы облыста 60 жаңа нысан пайдалануға берілсе, биылғы жылы 90-ға жуық спорт нысандарын қолданысқа беруді жоспарлап отырмыз»,- деп атап өтті.
Триатлон паркі қала мен облыстың белсенді тұрғындарын спортпен және дене шынықтырумен айналысуға тартатын жаңа орынға айналады. Паркке барлық келуші тегін кіре алады.