Берік Қаниев, «РФММ» КЕАҚ Директорлар кеңесінің төрағасы өзінің сұхбатында бірінші мектептік эндаумент қорының не үшін құрылғанын және РФММ брендінің қалай елден тыс шыға алатынын әңгімелеп берді.
– РФММ-нде мектепке белсенді көмектескен және демеушілік жасаған қамқоршылық кеңес бар емес пе? Онда Эндаумент қорын құрудың мақсаты не?
– 2009 жылы РФММ-нде мектеп түлектері кірген қамқоршылық қоры құрылған болатын. Кеңес расымен де мектептің түрлі бағдарламалары мен бастамаларын қолдап, демеушілік көрсеткен. Бірақ бір кезде мектептің бағдарламаларына тек инвестициялық табысты жұмсау үшін біз ақша жинап, оны көбейту керек деген ойға келдік. Бүл үлгіні біз үздік әлемдік оқу орындарынан алдық. Мысалы, Филлипс академиясы мектебінің немесе Гарвард университетінің түлектер қолдайтын және әлемде ең үлкен болып табылатын сондай мақсатты қорлары бар. Үлгісі тура сондай – оқу орнының мұқтаждықтарына тек қана инвестициялық табыс пайдаланылады, бұл ретте барлық түлектер олардың мақсатты қаржысының жұмсалмайтындығын, сақталатындығын, жұмыс істейтіндігін көреді.
Ал біздің жағдайда, қордың инвестициялық табысы олимпиадалық қозғалысты қолдауға, дарынды оқушыларға гранттар көбейтуге, мектептің инфрақұрылымын жақсартуға және ең маңыздысы – үздік мұғалімдерді қолдауға жұмсалатын болады.
– Сіз Эндаумент қорды жылдың басында тіркедіңіз. Нәтижелері қандай?
– Қорды іске қосу туралы шешім біздің қамқоршылық қорда 2016 жылдың желтоқсанында қабылданды. Қордың өзі 2017 жылдың сәуірінде тіркеуден өтті. Бірнеше айдың ішінде мектептің түлектері бастаманы қолдап, бүгінгі күні қорға 600 млн теңге жинағанын ризашылықпен атап өткім келеді.
– Жыл сайын мектепке бағытталатын инвестициялық табыс ойларыңызды іске асыру үшін жеткілікті болуы үшін талпынуға тиісті Қордың мақсатты көрсеткіші бар шығар?
– Иә, қордың өзін дамыту үшін біздің стратегиялық жоспарымыз бар, жеткіміз келетін белгілі бенчмаркымыз бар, ол 5 бес жылдың ішінде шамамен 10 млн долларды құрайды.
Бүгінгі күні қор 137 мың теңге мөлшерінде күнделікті инвестициялық табыс әкеледі. Ол ақшаны біз мектепке инвестициялай бастадық. Қордың арқасында РФММ жүзеге асыратын біздің бірінші жобамыз – ол жаңа, жөнделген және жабдықталған математика сыныбын ашу. Біз қор жұмысының тиімділігін нақты байқалатын жақсартулар арқылы көрсеткіміз келеді. Ал қыркүйектен бастап академиялық бөлікті қолдауды, робот техникасында жаңа секциялар енгізуді, мектептің үздік мұғалімдерінің өздерін дамытуға уақыттары қалуы үшін оларды қолдауды бастаймыз.
– Ал қордың инвестициялық табысын пайдалуға қатысты шешімдерді кім қабылдайды?
– Қазір қордың басшылығы қабылдап жүр, бірақ жақын арада инвестициялық табыстың қайда бағытталатындығын тікелей шешетін инвестициялық комитет құру жоспарымызда бар. Қор – коммерциялық емес ұйым, бүкіл инвестициялық табыс тек қана мектептің, мұғалімдер мен оқушылардың мұқтаждықтарына жұмсалады деп тура айта аламын.
– Қысқасы, эндаумент дегеніміз өздігінен айналатын дөңгелек қой? Неғұрлым көбірек адам салса, сол ғұрлым инвестициялық табыс, ата-аналар, мұғалімдер мен оқушылар жүзеге асыра алатын ықтимал жобалар мен ойлар көп болады? Солай емес пе?
– Ия, солай. Мұнда ең бастысы – қаражатты пайдаланудың айқындылығы мен есептілік. Және қор, біздің жағдайда, мектептің өзі қанша уақыт жұмыс істесе, сонша істейтін болады. Ал біз 40 жылдан астам тарихы бар РФММ әлі көптеген жылдар бойы қызмет етеді деп жоспарлап отырмыз. Бүгінгі күні мектеп мемлекет қатысатын коммерциялық емес акционерлік қоғам болып табылады, бірақ мемлекеттік оқу бағдарламалары жекешелермен әрдайым бәсекеге түсе алмайды. Қордың арқасында біз мемлекеттің мектеп үшін деңгейді көтере аламыз. Осы құралдың көмегімен мемлекеттік мектеп үздік жекеше оқу орындарымен бәсекелесе алатын болады.
– РФММ брендінің табыстылығын Қазақстанда және одан тыс арттыру мүмкін бе?
– Өткен жылы біз Астанада екінші РФММ аштық. Біз Астана мен Алматыдағы РФММ бренд ретінде қалдырғымыз келеді, бірақ сонымен бірге біз өңірлердегі тағыда бірнеше қазақстандық мектепті қамқоршылығымызға ала аламыз, ондағы үздік оқушылар оқуын Алматы мен Астанадағы РФММ-нде жалғастыруға мүмкіндік алады. Осындай жобаны қазір біз талқылап жатырмыз.
Биыл біз мектептердің STEM халықаралық консорциумына қосылдық. Осы халықаралық оқу бағдарламасының аясында, біз өзіміздің мамандандырылған бағдарламамызды әзірлеп, оны Қазақстанның бірнеше мамандандырылған мектептеріне енгізгіміз келеді. Шын мәнінде, өңірлердегі бұл мектептер халықаралық бағдарламалар бойынша оқыта алады, сөйтіп болашақта РФММ-нің тәжірибесі математика пәнін тереңдетіп оқытатын түрлі мектептерге тарайды. Біз үшін бұл РФММ-нде оқи алатын дарынды оқушыларды іздестірудің үлкен алаңы. Ал өңірлік мектептер үшін – бұл қазіргі уақытта Алматы мен Астанадағы мектептерде бар жоғары сапалы білім алу мүмкіндігі. Ол өңірлердегі оқушылардың білім сапасын жақсартады.
Бүгінде біз бірнеше халықаралық университетпен меморандумдарға қол қойдық. Соның арқасында олардың студенттері мен оқытушылары РФММ-нің оқушыларын қолданбалы дағдыларға оқытатын болады. Мысалы, MIT өкілдері осы жылдың басында бізде робот техникасы және бағдарламалау курсын іске қосып та қойды. Осы жазда олар жаздық мектепті жүргізу үшін тағыда бізге келіп кетті. Біз РФММ-нің әлемдік деңгейдегі мектепке айналғанын, ал оның түлектерінің әлемнің жетекші университеттеріне оңай түсіп кеткендерін қалаймыз.
– Технологиялар қазір бүкіл оқу үдерісін өзгертуде. Бәрі онлайн болғанда оқу орындарының мәнісі неде болмақ? Мұраны технологиялық апгрейдсіз сақтауға тырысу орынсыз сияқты.
– Технологиялық революцияға дейін білім саласында болған үлгі, әрине, ескірді. Біз мектептерде қолданбалы пәндердің көбірек болуы қажет екенін түсінеміз. Біздің мақсатымыз – балаларды барлық инновациялық және технологиялық құралдармен жұмыс істеуге, оларды пайдалануға үйрету. Олар ересек өмірге аяқ басқанда оларға көмектесетін болады. Математика мен басқа да пәндер балаларда күшті логикалық ойлау қабілетін қалыптастырып, бұған көмектесуі тиіс.
– Түлектермен, ата-аналармен қалай жұмыс істейсіздер? Ата-аналар мектептің мәселелеріне көңіл қойғысы келмесе, олармен қалай қарым-қатынас жасасасыздар?
– Құралдар, негізі, қарапайым. Бізде ата-аналар комитеті, қамқоршылық кеңес бар, қарым-қатынастарымыз жақсы. Сонымен қатар, бізде әлеуметтік желілер өте белсенді жұмыс істейді, ашық алаңдарымыз, мысалы, пікір алмасуға болатын сайтымыз бар. Сонымен қоймай, біз ата-аналардың қанағаттанушылығын білу үшін жасырын онлайн-сауалнамалар жүргіземіз. Өткен жылдың қорытындылары бойынша қанағаттанушылық деңгейі өте жоғары болды – 80%-дан асты. Қазір біз саны 10 мыңнан асатын түлектердің әрқайсысы сыныптастарын тауып, араласуларын жалғастыратын алаң дайындап жатырмыз. Бұл шын мәнінде «сыныптастар» – жабық клубтың элементтері бар мектеп түлектеріне арналып жасалған платформа.
Біздің барлық жаңалықтарымыз, ойларымыз бен жоспарларымыз туралы толығырақ біз мектептің 45-жылдығына арналған үлкен іс-шарада әңгімелеп береміз.14 қазанда барлық достарымызды, РФММ-нің түлектері мен олардың ата-аналарын Алматы қаласындағы «Халық Аренаға» шақырамын. Онда қазіргі уақытта әр елде тұратын, түрлі салаларда жұмыс істейтін мектептің көп жылғы буын түлектері жиналады. Ол жерде біз дамудағы жаңа стратегиялық бағыттарымыз туралы айтып береміз, және олардың көбісі қолдау табады деген сенімдеміз.