Алматыда КСРО спорт шебері Сергей Прокопьевич Квочкинді еске алуға арналған, 2003 жылы туылған командалар арасында футболдан халықаралық турнир өтті. 31 қазаннан 5 қарашаға дейінгі кезеңде «Қайрат» ФК Академиясының негізінде ең үздік болу құқығына екі топқа бөлінген алты футбол ұжымы таласты, олар: «Қайрат» ФК, «Астана» ФК, «Жас Қыран» Алматы клубтарының құрамасы, бішкектік «Дордой» ФК, ташкенттік «Пахтакор» ФК мен мәскеулік «Чертаново» ФК.
«Турнир қатты ұнады. Жақсы қарсыластар көп екен, – дейді жеңіске жеткен «Чертаново» ФК-ның бапкері Виталий Сухов. Біріншіден, бұл жерге қызықты ұжымдар жиналыпты. Орталық Азия өңірі болғандықтан мұндағы футболдың өзіне тән ерекшеліктері болады емес пе? Менің командам тактикалық жағынан өзін жақсырақ көрсетті, сөйтіп бүгін жеңіске жетіп отырған жайымыз бар.»
Бір уақытта Алматыда «Жас Қыран» балалар және жасөспірімдер футбол лигасының 2004 жылы туылған командалары арасында Қазақстан Республикасының Біріншілігі аяқталды. Чемпионатқа 10 облыстың ұжымдары, сондай-ақ «Қайрат» ФК (конкурстан тыс) қатысты.
Турнирлер демеушілерінің бірі «Lancaster Group Kazakhstan» компаниясы Директорлар кеңесінің төрағасы және «Жас Қыран» БЖФҚЛ-ның президенті Берік Қаниев Біріншіліктің жабылу салтанатында былай деді: «Республика Біріншілігіне өңірлердің өкілдері болып табылатын 10 команда қатысты. Барлық командалар тәп-тәуір ойнады, тамаша, ымырасыз футболды көрсетті. Біріншілікте Алматы қаласы жеңді. Шынында, Біріншілікте кез келген команда жеңіске жетер еді. Бұл жердегі эмоцияларды өзіңіз көрдіңіз ғой, балалар жылап та, қуанып та жатты. Енді балалар үйлеріне қайтып бара жатыр. Алдағы уақытта бар ынтасымен жаттығатын шығар. Мұнда жеңгендер де, жеңілгендер де жоқ. Біз «Жас Қыран» балалар-жасөспірімдер футболының қазақстандық лигасының аясында, осындай оң әсерін беретін тәрбиелік үрдістерді енгізіп жатырмыз. Алматы командасына болашақта жеңістер тілеймін! Жеңімпаз атағын сақтап қалсын деймін! Ал қалған командалар келешекте чемпиондарға өздерін әлі көрсетеді деп ойлаймын. Біз керемет, ымырасыз жарыстардың куәгерлері боламыз деп үміттенемін.»
Берік Қаниев «Жас Қыран» лигасының 2017 жылға белгілеген жоспарларымен де бөлісті: « Биыл «Жас Қыран» лигасына бір жыл толса да, біз барлық өңірлерге барып қайттық, барлық аудандық, облыстық, республикалық жарыстарға қатысып үлгердік. Келесі жылы Қазақстан бойынша Біріншілікте ойнайтын 30 мыңға жуық баланы қамтығымыз келеді. Ол жергілікті 2-3 күндік турнир емес, әр сенбі-жексенбі сайын ойналынатын толымды біріншіліктер болады. Аудан жеңімпаздары облыстық біріншілікте, ал облыс жеңімпаздары республикалық біріншілікте намысын қорғайды. Ойын алаңында біздің балалар футбол орталықтары селекционерлерінің көзіне түсіп қалар деп үміттенеміз. Біздің міндетіміз – футбол орталықтары мен Академия үшін жақсы плацдарм мен тірек болу.»