2018 жылғы 20 қазанда Алматы қаласында қалпына келтіру жұмыстарынан кейін балалар мен жасөспірімдерге арналған «Жас Қыран» футболдан оқу-жаттықтыру орталығы мен аты аңызға айналған «Спутник» алматы стадионын салтанатты ашу шарасы өтті. Бұл айтулы оқиға Алматы қаласы әкімдігінің және осы әлеуметтік жобаға бастамашы болған Lancaster Group Kazakhstan холдингінің директорлар кеңесінің төрағасы және БЖФЛ Президенті Берік Қаниевтың екі жақты қолдауының арқасында орын алды.
Осы жобаның мақсаты және идеясы Қазақстанда балалар-жасөспірімдер футболын дамытуға жан-жақты қолдау көрсетуді, жаттықтыру орталықтарының инфрақұрылымын жақсартуды, жаттықтырушылар құрамының біліктілігін арттыруды, жақын болашақта Қазақстанның атақты футболшыларына айналатын және өз Отанына талай жеңістер сыйлайтын дарынды балалардың жұлдызын жағуды көздейді. Жаңартылған стадион 800 көрерменге арналған, аспалы шатырмен және трибуна астындағы жайлармен, дренаждық жүй есі бар алаңмен және FIFA сертификаттаған соңғы буындағы итальяндық жасанды көгалмен жасақталған. Бұл жерде 500-ден астам жас футболшы жаттыға алады. Футбол орталығының жалпы жаттықтырушылар штаты 50 адамнан тұрады.
Аталмыш іс-шараға Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек, Қазақстанның Премьер-министрінің орынбасары Ерболат Досаев, Қазақстан футбол федерациясының президенті Әділбек Жақсыбеков, сонымен қатар еліміздің спорт және мәдениет министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы қатысты. Сонымен қатар «Қайрат» командасының әйгілі футболшылары Евстафий Пехлеваниди, Александр Жуйков пен Вахид Масудов, ұлттық құрама командасының танымал майталмандары мен бұрынғы ойыншылары қатысты.
Балалар мен жасөспірімдерге арналған «Жас Қыран» футбол орталығы өткен ғасырдың 1964-жылдары ашылған Қазақстанда аса танымал болған алматылық №2 ОРБЖММ базасында құрылған. Кеңестік жылдары футбол мектебі, сол кездегі №3 ОРБЖММ өз жаттықтырушыларымен, жеңістерімен және түлектерімен аты шыққан еді, бірақ нарықтық қатынастардың туындауымен байланысты ол жойылудың қыл үстінде тұрды. Өткен жылдың қазан айында «Спутник» стадионы жаттығулар жүргізуге футбол алаңы жарамсыз болып қалған апаттық бұзылу жағдайындағы нысан болатын.
Алматы қаласының әкімдігімен мемлекеттік-жеке әріптестік аясында балалар мен жасөспірімдерге арналған «Жас Қыран» футбол орталығы аталмыш нысанды қалпына келтіріп, құрылыс жұмыстарын жүргізуге миллиондаған қаржы жұмсай отырып, инвесторға айналды. Маусым айында басталған барлық негізгі жұмыстар сапалы және дер кезінде орындалды! Қазір бұрынғы «Спутник» қирандыларының орнында футболға арналған заманауи оқу-жаттықтыру кешені бой көтерген.
«Жас Қыран» БЖФО басшысы Берік Қаниев:
– Мен өзімнің досым Марат Әбділдабековпен және өзімнің бүкіл командаммен бірге өткен жылдың соңында осы жерге келіп, бар жағдайды өз көзімізбен көріп, көңіліміз құлазыды, дегенмен, мемлекеттік-жеке әріптестік негізінде алаңды қалпына келтіріп, балалар мен жасөспірімдерге арналған футбол орталығын ашуға бел будық- деп, еске алды Берік Қаниев.
Мұқият мониторинг, құжаттарды ресімдеу жолындағы қыруар жұмыстар, күрделі дайындық кезеңі –осының барлығынан өтіп, ақырында, биылғы жылдың маусым айынан бастап құрылысқа кірістік.
“Спутниктің” үйінділеріне және құрылыс-құрастыру жұмыстарына қатысты барлық мәселенің егжей-тегжейлі, сатылы әрі сапалы сарапталуына қарап, кейбір торығушылар аталмыш нысанның биыл дайын болатынына сенген жоқ.
Сонымен қатар, бүкіл «Жас Қыран» футбол орталығының атынан Қазақстанның футбол федерациясына және оның президенті Әділбек Жақсылықовқа, Алматы қаласының әкімдігіне және әкім Бауыржан Байбекке, Дене шынықтыру және спорт басқармасына, барлық әріптестерімізге зор алғыс білдіремін. Біз ауызбірлікпен жұмыла кіріскен жағдайда мемлекеттік-жеке әріптестіктің көмегімен балалардың, футболдың, халықтың және еліміздің игілігіне арналған жобаларды жүзеге асыруға болатындығын көрсеттік және дәлелдедік. Біздің әріптестеріміз қажырлы еңбек етті. Ынтымағы жарасқан “Техно-Люкс Компани» құрылысшылар ұжымына және жасанды көгалды төсеген «Цитадель” фирмасына зор алғысымызды білдіреміз.
Біз үшін бұл алғашқы әлеуметтік жоба емес, біз футболды жақсы көреміз және балаларға әрқашан қолдау көрсетеміз. Бұл жерде біз шағын футбол орталығын барлық еуропалық стандарттарға сай етіп жасадық. Басты мақсатымыз- балаларды спортпен құлшына шұғылдануға баулу, отансүйгіштік сезімін тәрбиелеу, ал ата-аналарымыз әрбір ойналған матчтан жағымды көңіл –күймен шығу үшін футбол арқылы оларға бақыт сезімін сыйлау».
Марат Әбділдабеков, өзі бұрынғы футболшы, қонақтарға жаңартылған алаң туралы әңгімелеп берді.
– Біз қазір футболға арналған FIFA мен UEFA сертификаттаған заманауи оқу-жаттықтыру кешенінде тұрмыз, бұл жерде 800 көрерменге арналған орындықтары бар шатыр астындағы стадион, трибуна астындағы жайлы әкімшілік бөлмелер, шешінетін бөлмелер, офистер, заманауи дренажды жүйемен жасақталған және соңғы буынның итальяндық жасанды жабыны төселген стандартты алаң, спорт алаңшалары, жайлы жайғастырылған жапсарлас аумақ орналасқан- деп атап өтті Марат Мұхтарұлы.
Осы жерде тұрған әрбір адамның қуаныштан жүрегі жарылып тұр деп ойлаймын. Бірінші кезекте, бұл- осы мектепке еңбегі сіңген, бүгін ашылу салтанатына қонақ ретінде шақырылған ардагерлеріміз, олар – Юрий Павлович Буйлов, Өмірбек Рахымжанұлы Бекпосынов, Анатолий Андреевич Житкеев, Борис Владимирович Бажмин, Азат Абдракович Нильдибаев, Валерий Владимирович Малыгин, Александр Малышев, Борис Бессонов, Михаил Севергин және тағы басқалары.
Осы күні қазақстандық БАҚ өкілдері жаттықтырушылар құрамы ақсақалдарының, ата-аналардың және балалардың көзінен қуаныш шуағын көрді. КСРО-ң жоғары лигасында және майталмандардың басқа да командаларында және Қазақстанның ұлттық құрамасында «Қайраттың» намысын сәтті қорғаған осы спорт мектебінен шыққан түлектердің көкірегін қуаныш сезімі кернеп тұр.
Бұлар – Сергей Волгин, Борис Джуманов, Сергей Бураков, Руслан Балтиев, Али Алиев, Ренат Абдулин, Игорь Юрин, Сергей Чекмезов және тағы басқалары. «Жас Қыранның» басшылығы және бүкіл ұжым осы орталықта оларды құшақ жая қарсы алады. Олармен бірге қазақстандық футболдың беделді резервін дайындау ісі және жаңа буынның жақсы мирасқорлық дәстүрлері қайта жаңғырады деп үміттенеміз.
Заманауи инфрақұрылымды құрумен қатар өткен жылдан бастап басқа да құрылыс бой көтерді-«Жас Қыран» орталығының қабырғасындағы озық футбол моделінің құрылысы. Спорттық директор лауазымына жаңа футбол оқу мекемесінің жүйесі мен даму концепциясын әзірлеген жігерлі жас жаттықтырушы Александр Кузнецов шақырылды. Тағы айта кетері, ол өзі де осы мектептен түлеп ұшқан және белгілі тәлімгер Борис Андреевич Тулаевтың қол астында жаттыққан. Кузнецовтың қатысуымен озық заманауи жобалар зерттеліп, оқыту әдістемелері бойынша Еуропаның жетекші мамандарымен консультациялар өткізілді. Қазақстанның жасөспірімдер құрама командасында жұмыс істеген кезде Кузнецовтың алған халықаралық тәжірибесін ескере отырып, ақылды, қажырлы және техникалық қабілеті шыңдалған футболшыларды дайындауға бақытталған «Жас Қыран» футбол орталығының оқу бағдарламасы дайындалды.
Балалар мен жасөспірімдер футболын дамытпайынша мемлекет шетелдік жаттықтырушылар мен футбол майталмандарына қанша қаражат төлемесе де, бұл спорт түрінің болашағы болмайды. Легионерлердің арқасында қол жеткізген табысқа масаттанудың қажеті жоқ. Салауатты буынды тәрбиелеу, талантты жастарды іздеу және өз еліміздің ,сонымен қатар шетелдердің құрама, кәсіби командарының құрамын толықтыруға қабілетті жоғары деңгейдегі отандық футболшыларды дайындау – бірінші кезектегі ең маңызды мәселе.
«Жас Қыран» келешекте өзі тәрбиелеп шығарған түлектерінен нағыз майталмандар командасын жинауды және осылайша іргетасы мықты футбол пирамидасын тұрғызып, өз клубын құруды жоспарлап отыр.
Бүгінгі таңда біз Алматы әкімдігі мен «Жас Қыран» футбол орталығының мемлекеттік- жеке әріптестік желісі бойынша бірлесіп атқарған жұмысының алматылық жасөспірімдерді де, футболға бей-жай қарамайтын оңтүстік астананың тұрғындарын да бақытқа бөлегенін мақтанышпен айта аламыз.
“Жас Қыран”БЖФО ашылу салтанатына қатысушылардың блиц-сұхбатын сіздердің назарларыңызға ұсынамыз:
Александр Жуйков, “Қайрат” ФК-ң аты аңызға айналған ардагері:
– Футбол қашан да футбол болып қалады!
Мен «Спутник» стадионының қайта жаңғыруын көруге қуаныштымын, бұл керемет! Қазір бұл «Жас Қыран» орталығы. Бұл жерде атақты жаттықтырушылар жұмыс істеген және жұмыс істеуде. Егер еске алатын болсақ, мұнда Виктор Новоторжин, Борис Лях, Толя Овсиенко, Борис Тулаев, Анатолий Житкеев сынды жоғары санатты мамандар еңбек еткен. Мен ойыншы ретіндегі өз мәнсабымды аяқтағаннан кейін осы мектепте тәжірибеден өттім. Кешенді аралап, көңілім жәй тапты. Бұндай инфрақұрылыммен қазақстандық футболдың болашағы туралы сөз қозғауға болады. Бүкіл қазақстандық футболдың игілігіне арналған осы жобаны жүзеге асырған адамдарға алғыс білдіреміз. Балалардың кәсіби деңгейде ойнауы өте маңызды.
“Қайрат ” ФК-ң әйгілі шабуылшысы Евстафий Пехлеваниди:
– Осы кешеннің ашылуымен құттықтаймын!
Осындай орталықтар саны арта берсін деп тілегім келеді. Алған әсерім шексіз. Суреттен бұрынғы және қазіргі қалпын көрсең, бұл әрине жер мен көктей. Ауқымды жұмыс атқарылды, барлық жұмысшыларға, басшыларға бәрекелді демекпін, барлығы керемет орындалған.
Александр Малышев, белгілі жаттықтырушы:
– Мен бұл жерде жиырма екі жыл жұмыс істедім. Бұл жеңістер дәстүрі қалыптасқан ең үлкен мектеп. Ең үздік футболшылар осы жерден аяқтанған. 90- жылдары мектеп өз мәнсабы мен мәртебесін жоғалтып алды, ал қазір атқарылған жұмыстың таңғалдырмасы мүмкін емес. Бұл қала үшін керемет бақыт және қуаныш. Мен осындай мектептер саны күн санап артқанын қалайтын едім. Өйткені балалар біздің өміріміздің мәні мен болашағы!
“Техно-Люкс Компани” компаниясының басшысы Хамид Кушуков:
– Тапсырыс берушілердің тарапынан қомақты қаржыландырудың арқасында нысанды қалпына келтіру мен құрылыс жұмыстарын қысқа мерзім ішінде аяқтаудың реті келді. Ортақ күш-жігердің арқасында футбол орталығын осындай жақсы күйге келтірдік. Ойымыз жүзеге асқан сияқты! Мен «Жас Қыран» ФК-на көбірек балаларды тәрбиелеуді және өз қазақстандық “Месси”-ін шыңдап шығаруды тілеймін. Біздің елбасымыз айтқандай, бұндай құрылымдарды көптеп салу керек. “Жас Қыран” стадионының солардың бірі екені күмәнсіз, бұл өз елі үшін және балалар футболын дамыту үшін орасан зор үлес қосқан іс болды.
Никита, “Жас Қыран”БЖФО тәрбиеленушісі:
– Маған бұл жерде қатты ұнайды, футбол орталығына түскеніме өте қуаныштымын.
Болашақта Артем Дзюба сияқты әйгілі футболшы болғым келеді.
Өз ниетімді іске асыру үшін қатты тырысамын, барынша жаттығамын және «Жас Қыран» ФК менің арманымды орындайды деп үміттенемін.
Белгілі балалар жаттықтырушысы Азат Нильдыбаев:
– Керемет алаң, біздің арманымыз орындалды! Менің ойымша, біз осы алаңда әлемдік дәрежедегі футболшыларды шыңдап шығаруға міндеттіміз. Мен жасыма байланысты бұған енді қатыса алмайтын шығармын. Бірақ керемет футболшыларды тәрбиелеп шығаратын басқа да көптеген жас жаттықтырушылар бар. Табыс пен сәттілік тілеймін!
“Жас Қыран” БЖФО спорттық директоры Александр Кузнецов:
– Алматылықтарды, жасөспірімдерді, олардың ата-аналарын «Жас Қыран» футбол орталығының ашылуымен құттықтаймын. Құрылыс аяқталды, енді жүйелі жұмыс жүргізіледі. Біз өз демеушілеріміз Марат Мухтарұлы Әбділдабеков пен Берік Сералыұлы Қаниевтың барынша атсалысқанын көрдік, олар соңғы кезде үнемі нысанды аралап, барлығын өздері қадағалап отырды. Осы жобаны жүзеге асыруға белсенді қатысқан Спорт департаментіне және Әкімшілік департаментке өз алғысымды білдіремін. Алда жаттықтырушылардың біліктілігін арттыру, ұйымдастыру-жаттықтырушылық үдерісті, сонымен қатар біздің жас футболшыларымыздың шеберлік деңгейін жақсарту жөніндегі бағдарламаны енгізу жұмысы күтіп тұр.
Валерий Бельгибаев, “Жас Қыран” БЖФО жаттықтырушысы:
– Мен Павлодардан келдім, бұл жоба мені қатты қызықтырды. Бұл жерде жаттықтырушылардың да, балалардың да өсіп, дамуына мүмкіндік беретін заманауи инфрақұрылым бар. Балаларды оқытып, жаттықтыруға, олардың шеберлігін шыңдауға барлық жағдай жасалған. Бұл жобаның кең ауқымды болып ашылғаны соншама, әрі қарай да осылай жалғаса берсе екен деп тілейміз. Талантты жастар көп болсын, жаттықтырушылар құрамы ауызбірлікті, ынтымақты болсын деп тілеймін, сонда біздің өз басшылығымыз белгілеген нәтижелерге қол жеткізеріміз сөзсіз.
Бахыт Ешмұхамбетов, №2ОРБЖММ түлегі:
– Мен осы стадионда тәрбиелендім, бұрын ол “Спутник”деп аталған. Стадион танымастай өзгерген, менің тіпті сөзім жоқ! Барлық демеушілерге алғыс білдіргім келеді. Мен осы жерде 10 жыл ойнадым, жаттығуға Қапшағайдан келетінмін. Бұл стадионнан көптеген кәсіби ойыншылар аяқтанды, енді осы жерде Қазақстанның ез үздік ойыншыларының тәрбиеленгенін қалаймын. Бұл балалар үшін де, біз үшін де үлкен мереке.
Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек «Жас Қыран» спорт кешенінің ашылуына қатысты сұхбат берді деп хабарлайды Prosports.kz.
– Біз қала тарапынан осы нысанды басқармаға 15 жылға бердік. Өздеріңіз көріп отырғандай, өте қомақты қаражат жұмсалды. Стадион, спорттық трибуналар қалпына келтірілді, шатыр тұрғызылды. Халықаралық стандарттарға сай барлық жағдай жасалды. Жуық арада ФИФА да сәйкес сертификат береді. Бірінші кезекте, жас спортшыларымыздың ата-аналарын құттықтағым келеді. Ең бастысы, олардың еліміздің отансүйгіш, табысты, беделді азаматтары болып өсуі. Баршаңызды осындай керемет іс- шарамен құттықтап, Қаниев мырзаға Алматы тұрғыны ретінде біздің қаламызға сенім артқаны үшін және зор үлес қосқаны үшін алғыс білдіргім келеді. Біз бірігіп талай-талай жетістікке қол жеткізетінімізге сенемін. Алматылықтар, сіздерді осы іс-шарамен құттықтаймын!